Иран саудасына жәрдемдесу ұйымы басшысының орынбасары Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) арасындағы еркін сауда туралы келісім жақын арада іске қосылатынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің ISNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Иран саудасына жәрдемдесу ұйымы басшысының халықаралық бизнесті ілгерілету жөніндегі орынбасары Мохаммад Садеқ Каннадзаде еркін сауда туралы келісімді талқылаудың аяқталу кезеңінде екенін айтты.
Мохаммад Садеқ Каннадзаде «Иранның инвестициялық мүмкіндіктерін ұсыну» атты іс-шараның баспасөз конференциясында сөйлеген сөзінде Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы еркін сауда туралы келісімнің жақын арада Парламентке ұсынылатынын хабарлады.
Каннадзаденің айтуы бойынша, қазіргі таңда Пәкістанмен еркін сауда және Оманмен жеңілдетілген сауда мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Иран саудасына жәрдемдесу ұйымы басшысының орынбасары Иранның шет елдерде орналасқан сауда өкілдерінің саны сауда-экономикалық саладағы байланыстардың нығаюына байланысты артатынын айтты.
Иран – Парсы шығанағындағы дамыған инфрақұрылымы бар транзиттік әлеуетке ие ел.















