Бүгін, қаңтардың 18-і күні таңертең Пәкістан әскері Иранның оңтүстік-шығысындағы Пәкістанмен шекаралас Систан-Балучистан провинциясына ұшқышсыз ұшақтар арқылы шабуыл жасады. Бұл операция «Марг бар сармачар», яғни, «Сармачарларға өлім!» деп аталды.
Иран БАҚ мәліметтері бойынша Пәкістанның зымырандық шабуылынан тоғыз адам, оның ішінде үш әйел, төрт бала және Иран азаматтығы жоқ екі ер адам қаза тапты.
Еске салайық, Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусы 16 қаңтарда Пәкістанның Иранмен шекаралас Пәкістанның Белуджистан провинциясына баллистикалық зымырандары және ұшқышсыз ұшақтарымен «Джейш әл-Адл» тобының негізгі базасына шабуыл жасады.
Пәкістан СІМ осы жағдайға қатысты мәлімдеме жариялап, «өткен түндегі Иранның Пәкістанның егемендігін еш себепсіз және ашық түрде бұзуын халықаралық құқық пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын бұзу» деп атады.
Мәлімдеменің жалғасында: «Бұл заңсыз әрекет мүлдем қабылданбайды және ешқандай негіздемесі жоқ. Пәкістан бұл заңсыз әрекетке жауап беру құқығын өзіне қалдырады. Оның салдары үшін жауапкершілік тікелей Иранға жүктеледі.
Біз бұл хабарламаны Иран үкіметіне жеткіздік. Біз сондай-ақ, оларға Пәкістанның Ираннан елшісін кері шақырту туралы шешім қабылдағанын және қазір Иранға сапарлап жүрген Иранның Пәкістандағы елшісінің әзірге оралмауы мүмкін екенін хабарладық.
Біз сондай-ақ алдағы күндері Пәкістан мен Иран арасында жалғасып жатқан немесе жоспарланған барлық жоғары деңгейдегі сапарларды тоқтату туралы шешім қабылдадық» деп жазылды.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ақпарат хатшысы Насер Канани Пәкістанның Иранның оңтүстік-шығысындағы шекара бекетіне жасаған шабуылын айыптады.
Канани бүгін бейсенбі, 18 қаңтар күнгі мәлімдемесінде: «Иран Сыртқы істер министрлігі зымырандық шабуылға наразылық білдіру үшін Пәкістанның уақытша сенімді өкілін шақырды» деді.
Еске салайық, бүгін Иран СІМ Оңтүстік Азия департаментінің бас директоры Пәкістанның Теһрандағы елшілігінің уақытша сенімді өкілін елдің шекарасын бұзуына наразылық ретінде Сыртқы істер министрлігіне шақырды.
Пәкістан СІМ осы елдің Иранмен шекарасына жасаған бүгінгі шабуылдарына қатысты мәлімдемесінде Иранды бауырлас ел деп атады. Бұл туралы Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мумтаз Захра Балуч мәлімдеді.
Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінің жалғасында: «Біз шиеленісті күшейтуді қаламаймыз және екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынасты ескере отырып, аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке әсер ететін әрекеттер жасалмайды деп күтілуде.
Біз әрқашан ортақ сын-қатерлерді, соның ішінде терроризм қаупін шешу үшін диалог пен ынтымақтастықты ерекше атап өттік және ортақ шешімдерді табу үшін күш-жігерімізді жалғастырамыз» деді.












