Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи мен Пәкістан Сыртқы істер министрі Мұхаммед Исхақ Дар телефон арқылы сөйлесіп, екіжақты қарым-қатынас пен халықаралық оқиғаларды талқылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, тараптар сұхбат барысында екі ел арасындағы өзара мүдделі барлық саладағы ынтымақтастықтың маңыздылығын қуаттады.
Сондай-ақ, Аббас Арақчи мен Мұхаммед Исхақ Дар аймақтық және халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты қорғау үшін екіжақты деңгейде де, халықаралық ұйымдар аясында да үйлестіру және өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап айтты.
Иран мен Пәкістан Сыртқы істер министрлері әңгіме барысында Палестина мәселесі ислам әлеміндегі ең маңызды мәселе екендігін қуаттады. Тараптар ислам мемлекеттерін палестиналықтарға қарсы жүргізіліп отырған геноцидті тоқтату және қылмыс жасағандарды жауапқа тартып, жазалау үшін дереу әрі тиімді әрекет етуге шақырды.















