Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Ғарибабади Астанада Қазақстан Сыртқы істер министрінің саяси және құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасарларымен кеңесті.
Иран Сыртқы істер министрінің құқықтық және халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары Казем Ғарибабади кеше бейсенбі, 15 қаңтар күні Астанада Қазақстан Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Әлібек Бақаевпен кездесіп, сұхбаттасты.
Кездесуде тараптар саяси диалог, сауда-экономикалық және логистикалық ынтымақтастық, сондай-ақ Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) және Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі өзара іс-қимылдар туралы пікір алмасты.
Тараптар сонымен қатар, Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианның 10 желтоқсан күні Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысын қарастырды.
Ғарибабади сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің құқықтық және халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары Арман Исетовпен кездесті.
Тараптар көпжақты ынтымақтастық, Біріккен Ұлттар Ұйымының күн тәртібіндегі тақырыптар, Каспий теңізі мәселелері мен аймақтық және халықаралық өзгерістер туралы сөйлесті.
Қос тарап диалогты жалғастыруға және өздерін қызықтыратын салаларда ынтымақтастықты тереңдетуге деген ниеттерін растады.












