Иран мен Ресей өзара есеп айырысудан долларды шығарып, риал және рубльмен төлейді.
Еуразия Тудейдің Nournews.ir сайтына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Орталық банкінің Бас директоры Мохаммад Реза Фарзин «Заманауи банк және төлем жүйелері» атты 11-ші конференцияда мәлімдеді.
Фарзин Иран мен Ресей өзара есеп айырысудан долларды шығарып тастағанын, бұдан былай риал және рубльмен жұмыс істейтіндерін айтып, басқа елдермен де осы бағытта қадам жасауға үміт білдірді.
Ол Иранға қарсы әділетсіз санкциялармен күресу үшін банк саласында жақсы әрі үлкен істің жүзеге асырылғанын айтты.
Иранның басқа елдермен банктік әрекеттері жөнінде сөз сөйлеген Фарзин: «Санкциялармен бетпе-бет келіп отырғандыықтан, осы салада үлкен түйткілдермен кезіктік. Алайда жасалған талпыныстарымызбен өзіміздің белсенділігімізді сақтап қалуда табысқа жеттік. Алда да осы істі арттыра түсуіміз керек. ACUMER-мен (Валюталық бартер одағының мессенджер жүйесі) байланысты жүйені жобаладық. Бұл одақ осы континентте 1974 жылы құрылған. Аса көп жұмыс атқармағанымен, соңғы жылдары санкцияны басқаруда осы құралды барынша пайдаланып, Үндістан, Пәкістан және басқа да мүше елдермен өзара қарым-қатынасымызды ілгерілету үшін одақтың хатшылығын белсенді еттік.
Swift-тің орнына мүше елдер үшін АСUMER деген банктік жаңа хабарлама жүйесін іске қосуымыз біздің алғашқы жұмысымыз болды. Бүгінде жұмыс істеп тұрған жүйе банктік барлық мәліметпен алмасу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Онда Swift-тің стандарттарын қолданып, Swift-тің өзінен бас тарттық. Бұл жүйе 2024 жылдың қазан айының бірінен бастап іске қосылды. Оны дамытамыз деп үміттенемін», — деді.












