Иран мұнай бағасын үш таңбалы санға жеткізіп, әлемді дүр сілкіндіруі мүмкін.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Al Jazeera телернасы мәлімет жариялады.
Al Jazeera телеарнасы Иран мен АҚШ арасындағы Оманда өткен келіссөздердің жаңа кезеңіне талдау жасап, дипломатиялық талпыныстармен қатар, мәселенің негізгі салмағы энергетика саласы мен аймақтық тепе-теңдікте жатқанын баса айтты. Кез келген шиеленіс жаһандық мұнай нарығында бағаның күрт өсуіне әкеп соғуы мүмкін.
Al Jazeera-ның жазуынша, Тегеран бұл келіссөздерде Вашингтонның ниетін бағалап, өздерінің «қызыл сызықтарын», соның ішінде зымырандық әлеуетін қорғауды басты орынға қойған. Ал АҚШ жауапты тұлғалары ирандық мұнай тасымалдайтын танкерлерді тәркілеу секілді шараларды қарастыруда. Алайда америкалық БАҚ мұндай қадамдар мұнай нарығында үлкен дүрбелең туғызатынын мойындап отыр.
АҚШ тарапы Ираннан уран байытуды тоқтатуды, зымыран бағдарламасы мен аймақтағы ықпалын шектеуді талап етуде. Өз кезегінде Тегеран ядролық қару жасау ниеті жоқ екенін үнемі мәлімдеп келеді. Дегенмен, нарықты алаңдатып отырған мәселе келіссөздер емес, әлемдік энергия көзінің жүрегі саналатын аймақтағы ықтимал әскери қақтығыстар.
Сарапшылар оқиғалардың дамуына байланысты бірнеше сценарий ұсынады:
Шектеулі қақтығыс: Қысқа мерзімді қақтығыстар кезінде баға уақытша 80 доллар төңірегінде болуы мүмкін.
Экспорттың тоқтауы: Иран мұнайының экспорты толық тоқтаған жағдайда, баға 70-90 доллар аралығында сақталады деп болжануда.
Ең қауіпті әрі стратегиялық маңызды нүкте — Ормуз бұғазы. Күніне шамамен 20 миллион баррель мұнай (әлемдік тұтынудың 20%-ы) өтетін бұл өткелдегі кез келген кедергі нарыққа ауыр соққы болады.
Мұнай саласының сарапшысы Набил Аль-Мурсуми Al Jazeera-ға берген сұхбатында мынадай жайттарды айтты:
Инфрақұрылымға шабуыл: Тіпті бұғаз жабылмаған күннің өзінде, егер Парсы шығанағындағы мұнай нысандарына шабуыл жасалса, баға 100 доллардан асып кетеді.
Бұғаздың жабылуы: Егер Ормуз бұғазы толықтай бұғатталса, әлемдік мұнайдың төрттен бірі және табиғи газдың бестен бірі нарыққа жетпей қалады. Мұндай жағдайда мұнай бағасы 130 долларға дейін шарықтап, жаһандық экономиканы терең дағдарысқа ұшыратуы мүмкін.
Егер ядролық келісім жасалып, Иран экспорты артса, баға төмендеуі ықтимал. Алайда, қазіргі уақытта нарықтың болашағы шиеленіс деңгейі мен Ормуз бұғазындағы жағдайға тікелей байланысты болып тұр.












