Иран Сыртқы істер министрлігінің ақпарат хатшысы Насер Канани сионистік режимнің Ливандағы лаңкестік әрекетін, атап айтқанда байланыс құралдарын жарып, Ливан азаматтарын нысанаға алуын жаппай өлтірудің үлгісі деп атап, оны қатаң айыптады.
Еуразия Тудейдің Иран СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Насер Канани кеше, сейсенбі, қыркүйектің 17 күні Ливандағы пейджерлердің жарылуы салдарынан болған лаңкестік әрекетке реакция білдіріп: «Ливандағы лаңкестік операция сионистік режим мен олардың жалдамалы агенттерінің бірлескен операцияларының жалғасы ретінде жүзеге асырылды. Барлық моральдық және гуманитарлық принциптер мен халықаралық құқыққа қайшы әрекет халықаралық қылмыс тұрғысынан қудалауға, соттауға және жазалауға жатады.
Жаппай өлтірудің бір түрі болып табылатын бұл біріккен лаңкестік әрекет шын мәнінде сионистік режимнің Палестина халқына қарсы соғыс қылмыстары мен геноцид жасауымен қатар, аймақтық және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке шынайы қауіп төндіріп тұрғанын тағы да айқын дәлелдейді.
Сол себепті сионистік режимнің лаңкестік әрекеттері мен одан туындайтын қоқан-лоққылармен күресу айқын қажеттілік. Халықаралық қауымдастық сионистік қылмыскер биліктің жазасыз қалуына қарсы тұру үшін жедел әрекет етуі қажет» деді.
Канани Ливан үкіметі мен халқына және қарсыласу қозғалысына, сондай-ақ осы лаңкестік операция кезінде шейіт болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына жанашырлық пен ынтымақтастығын білдіріп, осы оқиғада зардап шеккендердің барлығына, соның ішінде Ливандағы Иран елшісіне тез арада сауығу тілеп, Иран Ислам Республикасының Ливан үкіметі мен халқына кез келген көмек көрсетуге дайын екенін баса айтты
Айта кетейік, Ливанның денсаулық сақтау министрі Фирас әл-Эбядтың айтуы бойынша кеше қыркүйектің он жетісі күні Ливанда 8 адам, соның ішінде бір бала қаза тауып, 2800-дей адам жараланған. Оқиға топ мүшелері байланыс үшін пайдаланған пейджерлердің жарылуы салдарынан болған.
Иранның Fars ақпарат агенттігінің мәліметіне сәйкес, пейджерлердің жарылысынан Иранның Бейруттағы елшісі Амани да жеңіл жарақат алған.












