Financial Times газетінің баса сарапшысы Гидеон Рахман Иранның соғыстан кейін байып, күшейіп кетуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Гидеон Рахман: «Егер Трамптың Ормұз бұғазын ашпастан соғыстан шығу ниеті туралы мәліметтер рас болса, онда бұл Иранның ол жерде баж салығы жүйесін құруда табысқа жетіп, соғыстан кейін байып әрі қуаттырақ болатыны туралы менің болжамымды растайды», — деді.
Айта кетейік, Иран Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және халықаралық саясат жөніндегі комитеті жуырда кемелердің Ормұз бұғазы арқылы өткені үшін баж салығын енгізуді мақұлдады.
Соған сәйкес, АҚШ, Израиль немесе бұған дейін Иранға қарсы біржақты санкция салған мемлекеттермен байланысы бар кемелерге бұғаз арқылы өтуге тыйым салынады. Егер заң қабылданса, баж салығы тек иран риалымен ғана төленуі тиіс.
Еске салайық, Иран 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің республикаға қарсы әскери операциясы басталғаннан кейін Ормұз бұғазын бұғаттады.















