Иран аймақтағы нысаналар ауқымын кеңейтіп, соғыс басталғаннан бері тұңғыш рет Катар мен Оманға соққы жасады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша АҚШ-тың шиеленісті ушықтыруына жауап ретінде Иран аймақтағы нысаналар ауқымын кеңейтті. Соғыс басталғаннан бері тұңғыш рет Катар мен Оманға соққы берілді.
Журналист Мұхаммед Садық Әлизаде Farhikhtegan Gap бағдарламасында өткен түндегі шабуылдар барысында Катар, Бахрейн және Кувейттегі бірнеше нысанаға соққы жасалғанын мәлімдеді. Бұған қоса, Біріккен Араб Әмірліктерінде де қауіп дабылы іске қосылған.
Журналистің айтуынша, Иран Ислам Республикасы бұған дейін де Бахрейн, Кувейт және Иордания аумағына соққы жасағанымен, алайда бұл тізімге енді Катар мен Оманның қосылуы — өте маңызды әрі үлкен мәнге ие оқиға. Бұл Тегеранның да америкалықтар тарапынан текетірестің күшеюіне байланысты шиеленіс деңгейі мен оның ауқымын барынша арттырып жатқанын аңғартады.
Бұдан былай Иран әскери іс-қимылдар кезінде Катар мен Оманға қатысты ұстамдылық танытумен шектелмейді. Иран АҚШ-тың қысымды арттыру әрекеттеріне тең дәрежелі түрде өз жауабын күшейтіп, әскери әрекеттерін реттеп отыр.
Айта кетейік, Уашиңтоң мен Тегеран арасындағы уақытша бітімді сақтап қалуға бағытталған халықаралық талпыныстарға қарамастан, Таяу Шығыстағы ахуал күрт ушығып кетті. АҚШ-тың әскери әрекеттеріне жауап ретінде Иран кеше, шілденің он бірі күні түнде Парсы шығанағындағы бірнеше мемлекетке зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтар арқылы соққы жасады. Жексенбі күні Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Кувейт, Оман және Бахрейн билігі өз аумақтарының атқылауға ұшырағанын ресми түрде растады. Сонымен қатар, шабуыл белгілері Иорданияда да тіркелген.
Тегеранның бұл жаппай қарымта әрекеті АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) Иран аумағындағы 140-қа жуық әскери нысананы талқандағаны туралы мәлімдемесінен кейін іле-шала басталды. Пентагон соққылары негізінен зымыран мен дрон ұшыру алаңдарын, әскери-теңіз күштерінің активтері мен қару-жарақ қоймаларын қамтыған. Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары әскери шабуылдар салдарынан бір офицердің опат болғанын хабарлады.
Америкалық күштердің келесі соққы толқыны Ормұз бұғазы маңындағы стратегиялық маңызы бар Хормозган провинциясына бағытталды. Мұнда Бендер-Аббас қаласы, Хаджиабад өңірі және Қешм аралына от атылды. Қешм аймағының басшысы Хосейн Амир Теймури жексенбі күні арал аумағына жау тарапынан 11-ге жуық снаряд құлағанын мәлімдеді.












