Ирандық инвесторлар Ақтаудағы зауыт құрылысына 30 миллион доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, цемент өндіру саласында 40 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан ирандық компания өкілдері “Ақтау теңіз портының” арнайы экономикалық аймағында болып, оның басқарма төрағасы Мүбәрәк Төлегеновпен кездесті.
Тараптар кездесу барысында Маңғыстау облысында цемент зауытын салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру және екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
“Ақтау теңіз порты” арнайы экономикалық аймағы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ирандық инвесторлар зауыт құрылысына 30 миллион доллар көлемінде қаржы салуға дайын.
Ирандық инвесторлардың айтуынша, жаңа зауыт заманауи технологиялармен жабдықталып, цементтің бірнеше түрін шығарады. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда 50-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.
“Ақтау теңіз порты” арнайы экономикалық аймағында инвесторлар үшін жағдай жасалған. Олар табыс салығынан, мүлік, жер салығынан, сондай-ақ импорттық ҚҚС және кедендік баждарды төлеуден босатылады. Сонымен қатар, жобаға толық әкімшілік және техникалық қолдау көрсетіледі.



















