Иран Президенті Масуд Пезешкиан Иранның 6 миллиард долларлық активінің бұғаттан шығарылғанын хабарлады.
Пезешкиан Құм қаласында аятолла Шобайри Занджанимен кездесуінде «Катардағы ирандық қаражаттың жалпы 12 миллиард доллар сомасынан 6 миллиард доллары бұғаттан шығарылып, елге қайтарылады. Бұл қаражаттың қалған бөлігін қайтару бойынша да жұмыстар жалғасуда», — деді.
Президент Иран мен АҚШ арасындағы жақын арадағы келісімді иран халқы үшін маңызды жетістік деп сипаттап, соның аясында мұнай және мұнай-химия секторларындағы санкциялардың алынып тасталғанын баса айтты.
The Wall Street Journal хабарлауынша, Катар банктерінде сақтаулы тұрған бұл қаражат егер босатылса, тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек сияқты гуманитарлық көмек сатып алуға ғана жұмсалуы мүмкін.
Айта кетейік, Иран үкіметі мен халықаралық қаржы институттарының, мысалы, Дүниежүзілік банк және АҚШ Конгресінің зерттеу қызметінің есептеуінше, Иранның әлем бойынша қол жеткізе алмай отырған жалпы активтері 100-ден 120 миллиард долларға дейінгі аралықта. Бұл қаражаттың басым бөлігі — АҚШ-тың 2018 жылы ядролық келісімнен шығып, санкцияларды қайта қолданғанға дейін Иранның шетелге сатқан мұнайынан түскен табыс.












