Испания Еуропаның барлық елін Палестинаны мемлекет ретінде тануға шақырды.
Еуразия Тудейдің РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы бейсенбі күні Испания премьер-министрі Педро Санчес мәлімдеді.
Санчес Испанияда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен өткізген бірлескен баспасөз мәслихатында: «Біз Еуропаның барлық елін Палестинаны тануға шақырамыз, өйткені біздің ойымызша, қақтығыстың басқа шешімі жоқ», — деді.
Ол Мадридтің Газа секторындағы қантөгісті тоқтату үшін бар күш-жігерін салып жатқанын атап өтті.
Ердоған өз кезегінде Испанияның Палестинаны тану шешімін маңызды деп атап, басқа елдерді Мадридтен үлгі алуға шақырды.
Anadolu агенттігінің хабарлауы бойынша, Ердоған Түркия мен Испания Израиль-Палестина қақтығыстарын шешу үшін ынтымақтастықты жалғастыратынын мәлімдеді.
Ердоған: «Біздің басымдықтарымыз ұзақ мерзімді бейбітшілік пен гуманитарлық көмектің үзіліссіз жеткізілуін қамтамасыз ету», — деді.
Оның айтуынша, Испания премьер-министрі Педро Санчес Газа секторындағы зұлымдыққа әлем жұртшылығының назарын аудару бойынша үлкен үлес қосты.
Түркияның Мемлекет басшысы Испания премьер-министрі мен халқына Газаға қатысты көреген ұстанымы мен қолдауы үшін алғыс айтты.
Ол екі елдің Палестина-Израиль қақтығыстарын шешу жолын іздестіруді жалғастыратынын атап өтті.
Айта кетейік, 28 мамырда Испания үкіметі Палестинаны мемлекет ретінде мойындады.












