Ислам ынтымақтастық ұйымы Палестина халқына жасалып жатқан Израильдің басқыншылығын талқылау үшін 25 тамызда кезектен тыс отырыс өткізеді.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ислам ынтымақтастық ұйымы Бас хатшылығының жазбаша мәлімдемесінде отырысқа қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлері Израильдің басқыншылығын, режимнің Газаны басып алу жоспарын талқылау үшін жиналатыны айтылған.
Кездесу барысында Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Израильдің Газаны басып алу, геноцид, секторды қоршауға алу, халықты қасақана аштыққа ұшырату және газалықтарды күштеп көшіру сияқты қылмыстарына қарсы бірыңғай ұстанымын әзірлеу жоспарлануда.
Айта кетейік, Израильдің Қауіпсіздік кабинеті 8 тамыз күні Беньямин Нетаньяхудың Палестина эксклавының солтүстігінде орналасқан Газа қаласын бақылауға алу туралы жоспарын ресми түрде мақұлдады. Биньямин Нетаньяху Үкімет отырысында Израильдің бүкіл Газа секторын толық басып алуды мақсат етіп отырғанын мәлімдеді. Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац та қаланы басып алу жоспарын бекітті.
Бекітілген жоспарға сәйкес, бірінші кезеңде бір миллионға жуық палестиналық эксклавтың оңтүстік бөлігіне күштеп көшіріліп, Газа қаласы қоршауға алынады. Содан кейін жаппай шабуыл жасалады.
ХАМАС қозғалысы 18 тамызда Мысыр мен Катардың атысты тоқтату және тұтқындармен алмасу туралы ұсынысын қабылдағанын мәлімдеді. Алайда Израиль тарапы бұл жоспарға әлі ресми жауап берген жоқ.



















