Иран Ормұз бұғазының түбіндегі интернет кабельдеріне тікелей соққы жасамай-ақ, оларға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарына кедергі келтіру арқылы кабельдерге бақылау орната алады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Жапонияның беделді Japan Times басылымы Иранның Таяу Шығыстағы стратегиялық мүмкіндіктеріне қатысты маңызды талдау жариялады. Мақала авторларының пайымдауынша, Тегеран Ормұз бұғазының түбіндегі суасты интернет кабельдеріне тікелей соққы жасамай-ақ, олардың жұмысын толығымен өз бақылауына ала алады. Бұл мақсатқа жету үшін Иран кабельдерді физикалық түрде зақымдамай, тек оларға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарына кедергі келтірсе де жеткілікті.
Басылымның жазуынша, Ормұз бұғазы арқылы өтетін ең маңызды цифрлық инфрақұрылымдардың бірі — AAE-1 (Азия — Африка — Еуропа-1) континенттаралық суасты кабелінің тармағы. Бұл кабель Гонконгтан бастап Италия мен Францияға дейінгі ондаған мемлекетті біртұтас желімен байланыстырып тұр.
Бұл суасты магистралі арқылы орасан зор ақпарат ағыны өтеді, атап айтқанда, мемлекеттік маңызды құпия байланыстар мен дипломатиялық хат алмасулар; халықаралық ірі қаржылық транзакциялар мен банк операциялары; тұрғындар күнделікті қолданатын әлеуметтік желілер, электрондық пошталар және медиа-контент.
Сарапшылардың пікірінше, Иранның алдында екі түрлі сценарий бар: біріншісі, кабельдерді су астында диверсиялық жолмен кесу немесе зақымдау; екіншісі, халықаралық кабель төсеуші және жөндеуші компаниялардың кемелерін бұғазға жібермей қоя алады. Иран жаңа желілерді орнатуға немесе ескілерін жөндеуге тыйым салу арқылы аймақта цифрлық диктатура орнататын мүмкіндікке ие. Суасты кабельдері кеме зәкірлерінен немесе табиғи жағдайлардан жиі зақымдалатындықтан, жөндеу жұмыстарын бұғаттау уақыт өте келе бүкіл аймақты интернетсіз қалдырумен тең.
АҚШ әскери-теңіз күштері Иранның Парсы шығанағындағы өте ұзын әрі күрделі жағалау сызығынан жасалатын операцияларына тосқауыл қоя алмады.
Бүгінгі таңда Тегеран аймақтағы өзінің айтарлықтай әскери және геосаяси әлеуетін толық сақтап отыр. Суасты инфрақұрылымына бақылау жасау мүмкіндігі Иранға тек Батыс елдеріне ғана емес, Азия мен Еуропаның экономикасына да үлкен қысым жасауға тұтқа бола алады.














