Батыс Бенгалия штатындағы он мыңдаған әйел өткен аптада Калькуттадағы мемлекеттік ауруханада стажер дәрігер әйелдің зорланып, өлтірілуіне наразылық білдіріп, көшелерде шеруге шықты.
Еуразия Тудейдің ВВС сілтеме жасап хабарлауы бойынша тағылымдамадан өтуші дәрігер әйелді 9 тамызда өлтірген. 36 сағаттық ауысымнан кейін арнайы демалыс орны болмағандықтан RG Kar медициналық колледжінде 31 жастағы әйел семинар бөлмесінде ұйықтап қалған. Келесі күні таңертең әріптестері оның ауыр жарақаттары бар жартылай жалаңаш денесін тауып алады. Кейін аурухананың ерікті қызметкері қылмысқа қатысы бар деген күдікпен қамауға алынады.
Жаңбырлы сәрсенбіге қараған түні әртүрлі саладағы әйелдер қолдарына жанып тұрған алаулар мен плакаттар және Үндістанның туын ұстап, әділдік талап етіп, Калькута қаласы мен Батыс Бенгалия штаты бойынша шерулерге шықты. Оларға кәрі-жас қосылды.
Наразылық шерулері негізінен бейбіт болғанымен, олар полиция мен белгісіз ер адамдар тобының арасындағы қақтығысқа ұласты. Тәртіпсіз топты тарату үшін полиция көзден жас ағызатын газ қолданды. Кейбір полиция көліктері де зардап шекті.
Шағын наразылық шерулері Үндістанның Дели, Хайдарабад, Мумбай және Пуна сияқты көптеген басқа қалаларында өтті.












