Батыс пен Ресей арасындағы текетірес күшейген тұста, Каспий маңы мемлекеттері өз аймағында НАТО күштерінің бой көрсетуін экономикалық тұрақтылық пен энергетикалық қауіпсіздікке төнген тікелей қауіп санайды.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция — Каспий маңы мемлекеттері арасындағы халықаралық келісім.
Құжатқа 2018 жылдың тамыз айында Қазақстанның Ақтау қаласында өткен осы елдер көшбасшыларының бесінші саммитінде Иран, Ресей, Түркіменстан, Қазақстан және Әзірбайжан басшылары қол қойды.
Иранның Әзірбайжандағы бұрынғы елшісі Мохсен Пак Айин «Eurasia Today» басылымына берген арнайы сұхбатында бұл құжат ұзақ жыл бойы жағалаулаудағы мемлекеттер арасындағы даулы мәселе болып келген Каспий теңізінің құқықтық режимін реттеудегі маңызды қадамға айналғанын мәлімдеді.
Негізгі уағдаластықтар мен қауіпсіздік мәселелері
Келісім аясында бірнеше негізгі мәселе бойынша консенсусқа қол жеткізілді, оның ішінде: аймақтан тыс мемлекеттердің қарулы күштерінің Каспийде болуына тыйым салу;
Теңіз кеңістігін тек Каспий маңы елдерінің туы астындағы кемелердің ғана пайдалану принципі;
Каспий маңы мемлекеттерінің аумағын шетелдік әскери күштерді орналастыру үшін бермеу туралы ереже.
Бұл ережелерді бұған дейін Иран тарапы жүйелі түрде қолдап келді.
Құжатта Каспий маңы мемлекеттері аймақ қауіпсіздігін өздігінен қамтамасыз етуі тиіс екендігі және Каспий теңізінің милитаризациялануына жол бермеуі керектігі баса айтылған. Тараптар сыртқы әскери күштердің қатысуы аймақтың тұрақтылығына, экономикалық мүдделеріне және энергетикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін деген ұстанымды басшылыққа алады.
Геосаяси контекст және НАТО факторы
Қазіргі халықаралық жағдайды, соның ішінде Украинадағы соғыс пен Батыс елдері және Ресей арасындағы бәсекелестіктің күшеюін ескере отырып, мәтінде НАТО-ның шығысқа қарай ықтимал жылжуы және оның Каспий аймағына әсері туралы алаңдаушылық атап өтіледі.
Экономикасы негізінен мұнай мен газ өндіруге және оны экспорттауға тәуелді Каспий бассейні елдері энергетикалық ресурстарды тасымалдауға қауіп-қатер тудыруы мүмкін сыртқы әскери күштердің ықпалының артуына мүдделі емес.
Сонымен қатар, бұған дейін Әзірбайжан НАТО әскерлерін Ауғанстаннан шығару кезінде бұл ұйымның әскери жүктерін Каспий теңізі мен өз аумағы арқылы транзиттеуге қарсы шыққаны да еске салынады.
Жалпы алғанда, Каспий теңізін милитаризациялау және аймақта НАТО-ның болуы мүмкіндігі қазіргі уақытта нақты тәжірибелік перспектива ретінде қарастырылмайды. Бұл мәселе көбінесе саяси дискуссиялар мен ақпараттық қысым сипатына ие.
Ақтау конвенциясы Каспий мәртебесіне қатысты ең түйткілді мәселені шешкенімен, ресурстарды бөлісу және оларды пайдалану ережелерін анықтау процесін толықтай аяқтаған жоқ. Негізгі даулар құқықтық өрістен экономикалық-энергетикалық және экологиялық салаға ауысты.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін де Каспий маңы мемлекеттері арасында даулы болып қала беретін немесе толық реттелмеген негізгі мәселелер:
теңіз түбі мен қойнауын делимитациялау — бұл әлі күнге дейін шешімін таппаған ең басты түйіткілді мәселе;
мұнай-газ кен орындарына қатысты даулар;
теңіз шекаралары мен кеме қатынасының ережелері;
Каспийдің экологиялық мәртебесі.
Бұл тұжырымдар Конвенцияның өз мәтініне және халықаралық ұйымдар мен зерттеу орталықтарының (мысалы, ЭЫДҰ (OECD), Дүниежүзілік банк, Халықаралық дағдарыс тобы (ICG), Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты (SIPRI) материалдарына және Каспий бойынша бейінді заңгерлік шолуларға) негізделген.












