Әли Лариджани елінің шынайы патриоты, парасатты да дана саясаткер әрі халықаралық деңгейдегі ұлы стратег ретінде тарихқа енді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ұлтаралық қатынастар жөніндегі кеңес комиссиясының мүшесі Исмаил Шабанов ИРНА агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеп, Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджанидің қаза болғанына 40 күн толуына байланысты көңіл айтты.
Ресейлік сарапшы Мәскеуде Әли Лариджанидің әрқашан әлемдік деңгейдегі тұлға ретінде қабылданғанын, оның қалдырған мұрасы саяси қызмет аясынан әлдеқайда кең екенін айтты.
Шабановтың айтуы бойынша, Ресейде Әли Лариджаниді тәжірибелі мемлекеттік қайраткер ретінде ғана емес, сонымен қатар терең ғалым-философ ретінде де таныған.
Сарапшы: «Біз шәһид Әли Лариджаниді Ислам революциясының мұраттарына шексіз адал және Иранның Жоғарғы көшбасшысының бағытын мүлтіксіз ұстанған саясаткер ретінде танимыз», -деді.
Исмаил Шабанов Лариджанидің өмірінің соңғы деміне дейін әлемдік аренада Иранның ұлттық мүдделерін табанды қорғап өткенін баса айтты.
Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ұлтаралық қатынастар жөніндегі кеңес комиссиясының мүшесі Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің марқұм хатшысы Лариджанидің сыртқы саяси ұстанымдарына ерекше назар аударып: «Лариджани бірполярлы жүйені қайта құру мен оны түбегейлі өзгертудің белсенді жақтаушысы болды.
Лариджани көпполярлы әлем құруды және халықаралық саясатта әділ тетіктерді орнатуды жақтады. Ол тек ұлы державалардың тең құқылы серіктестігі ғана жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ете алатынына сенді»,- деді.












