Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Тәжікстанның Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы екенін айтты.
Еуразия Тудейдің Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Мәулен Әшімбаев бұл туралы Қазақстанға ресми сапармен келген Тәжікстан Республикасының Маджлиси Оли Маджлиси милли Төрағасы Рустами Эмомалимен кездесуінде мәлімдеді.
Кездесуде Мәулен Әшімбаев екі ел президенттері арасындағы өзара сенімге негізделген қарым-қатынастың және олардың күш-жігері мен бірлескен жұмысының арқасында екі ел арасында барлық деңгейде тығыз саяси байланыс орнағанын атап айтты.
Кездесуде тараптар екі ел арасында экономикалық өзара іс-қимыл белсенді дамып, мәдени-гуманитарлық байланыс нығая түскенін қуаттады. Сонымен қатар тараптар екі мемлекеттің басшылары белгілеп берген ынтымақтастықтың жоғары деңгейін Парламенттер арқылы да қолдаудың маңызды екеніне ерекше назар аударды.
Кездесуде екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша сындарлы диалог орнатудың маңызы да сөз болды.
Сұхбат барысында Рустам Эмомали парламентаралық және өңірлік деңгейлерде қазақ-тәжік ынтымақтастығы тұрақты дамып келе жатқанын қуаттап, Қазақстанның әлемде рухани дипломатияны дамытуды көздейтін бастамалары мен сол бағыттағы батыл қадамдарын жоғары бағалады.
Сондай-ақ, Эмомали елінің барлық маңызды сала бойынша өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін айтты.



















