Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бразилия Президенті Луис Инасиу Лула да Силваға көңіл айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 11 тамыз күні Бразилияның Сан-Паулу штатында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Президент Луис Инасиу Лула да Силваға көңіл айтты.
Жеделхатта: «Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өз атымнан Сізге және жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ, дос Бразилия халқына көңіл айтамын», – деп жазылған.
Айта кетейік, тамыздың 9 күні Бразилияның оңтүстік-шығысындағы Сан-Паулу штатындағы Мэрия Виньедо қаласы маңында бортында 62 адам, соның ішінде 58 жолаушы және 4 экипаж мүшесі болған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады.
Апат салдарынан жолаушылар мен экипаждың барлығы дерлік қаза тапты. 2010 жылы өндірілген ұшақ VoePass Linhas Aereas әуе компаниясына тиесілі болған.












