Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев Токио қаласында Мемлекет басшыларының алғашқы саммитіне қатысады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичидің шақыруымен Токиоға ресми сапармен барған Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев “Орталық Азия + Жапония” форматындағы Мемлекет басшыларының алғашқы саммитіне қатысады.
Мирзиеевтің сапары бағдарламасына сәйкес, оның Токио қаласында Жапония Императоры Нарухито, Премьер-министр Санаэ Такаичи, Парламент басшылығы, Үкімет мүшелері, саяси партия өкілдері және жетекші университеттердің ректорларымен кездесіп, келіссөздер жүргізуі жоспарланған.
Күн тәртібінде екі елдің стратегиялық серіктестігі, көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және ұзақ мерзімді жобаларды іске асыру мәселелері қаралады.
Іскерлік бағдарлама аясында Жапонияның ірі компаниялары мен қаржы институттарының басшыларымен жеке кездесулері де жоспарланған. Онда сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестициялық жобаларды ілгерілету және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қаралады.
Саммит қорытындысы бойынша Токио декларациясын қабылдау жоспарланып отыр. Өзбекстан президентінің бұл сапары екі ел қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде. Айта кетейік, Шавкат Мирзиеевтің Жапонияға сапары 18–20 желтоқсан күндеріне жоспарланған.




















