БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалары Мишель Бачелеттің ұйымның Бас хатшысы лауазымына ұсынылғаны туралы хабарлама алды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі бұрынғы жоғарғы комиссары әрі Чилидің экс-президенті Мишель Бачелет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы лауазымына үміткер ретінде ұсынылды. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы төрағасы кеңсесінің өкілі Ла Нейс Коллинз кеше, 2 ақпан күні өткен брифингте мәлімдеді.
БҰҰ құрылған 80 жыл ішінде 9 Бас хатшы болды, бірақ олардың барлығы ер адамдар еді. Егер Бачелет бұл қызметке сайланса, ол БҰҰ-ны басқарған алғашқы әйел болмақ.
Мишель Бачелет Чили президенті лауазымын 2006–2010 жылдары және 2014–2018 жылдары атқарды.
2018 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың тамызына дейін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары қызметін атқарды.
Айта кетейік, 2026 жылдың соңында Біріккен Ұлттар Ұйымының қазіргі Бас хатшысы Антониу Гутерриштің екінші мерзімі аяқталады. Гутерриш 2017 жылдан бері БҰҰ-ны басқарып келеді. Гутерриш екінші мерзімге 2021 жылы сайланды.
2025 жылы БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеясы ұйымның жаңа Бас хатшысын таңдау процесін ресми түрде бастады. Тарихта алғаш рет бұл лауазымға әйел адам тағайындалуы мүмкін.



















