Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантты тұтқындауға ордер беруі — тарихи оқиға.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының Нью-Йорктегі кеңсесінің бұрынғы директоры Крэйг Мохибер Anadolu агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Крэйг Мохибердің айтуынша, заңды түрде мемлекеттер Халықаралық қылмыстық соттың қаулысын орындаудан жалтара алмайды.
Агенттіктің сұхбатшысы Рим статутына мүше 124 ел ХҚС-тың Нетаньяху мен Галлантты тұтқындау туралы шешімін орындауға міндетті екенін баса айтты.
Сондай-ақ, Мохибер кейбір елдердің өз міндеттемелерін орындаудан жалтару әрекеттеріне жол берілмейтіндігін айтып: “Бүгінде Израиль басшылары соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстары үшін іздестірілуде. Сонымен қатар, Гаагадағы халықаралық сот геноцид қылмысы үшін Израильді айыптады. Бұл Израильдің 77 жылдық халықаралық қылмыстарының жазасыз қалуының аяқталуын білдіреді”,- деді.
Мохибердің айтуынша, халықаралық әділет саласының өкілдері бұл шешімді көптен бері қалап, оны қабылдау үшін күресті.
Мохибер: “Халықаралық қауымдастық қамауға алу ордері ешқашан берілмейді деген пікірде болды. Біз бұл мәселе бойынша ХҚС-тың әрекетсіздігін көруге үйреніп қалдық. Палестинаға қатысты іс 10 жыл бойы ХҚС-та қаралды”,-деп баса айтты.
БҰҰ-ның бұрынғы қызметкері сөзінде Халықаралық сот пен ХҚС прокурорлары АҚШ және басқа да Батыс елдерінің Үкіметтері, тіпті Израиль барлау қызметтері тарапынан қысым мен араласуға тап болып отырғанына тоқталып: “Жақында белгілі болған мәліметтер Израильдің сот қызметкерлеріне қоқан-лоққы көрсетіп, ХҚС жұмысына кедергі келтіргенін көрсетті”,- деді.
Мохибер БҰҰ құрылымдарының болып жатқан оқиғалар аясында шешімді әрекет ете алмайтынын да сынға алды. Оның айтуынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Израильді қылмыстары үшін жауапкершіліктен қорғайтын АҚШ-тың ветосына байланысты қауқарсыз болып отыр.
Мохибер Америка Құрама Штаттарының геноцидке қатысы барын айтып, бұл сыбайластықтың Газа секторындағы соңғы оқиғаларға байланысты Вашингтонның Израильге қаржылық, әскери және дипломатиялық қолдау көрсетуінде жатқанын айтты.
Мохибер Израильге қатысты неғұрлым қатаң шараларды, соның ішінде экономикалық санкцияларды, қару-жарақ эмбаргосын, тіпті кезінде Оңтүстік Африкадағы апартеид режиміне қарсы жасалған шектеулерге ұқсас Израильдің БҰҰ органдарына қатысуын тоқтату қажеттігін баса айтты.
Крэйг Мохибер азаматтық қоғамның және адам құқықтары жөніндегі халықаралық тетіктердің осындай қылмыстарға қарсы тұрудағы рөлін баса айтты.
Мохибер: «Халықаралық қылмыстық сот пен халықаралық сот үлкен қысымға ұшырады. Алайда, оларды әлемдегі әділеттілікті жақтайтын адамдар қолдайды», — деді.
Крэйг Мохибер адам құқықтарын бұзатын режимдерді оқшаулаудың маңыздылығын қуаттап: «Израильді Бас Ассамблеяның бірлескен тетіктерінен шығару оның этникалық ұлтшылдық және апартеидтік саясатын тоқтату жолындағы маңызды қадам болуы мүмкін», — деп сұхбатын қорытындылады.
Крэйг Мохибер Газа секторындағы оқиғаларға байланысты БҰҰ-ның адекватсыз көзқарасына байланысты отставкаға кеткен болатын.












