Моңғолияда ел тарихындағы ең ауқымды парламент сайлауы өтіп жатыр.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша Моңғолия азаматтары бүгін, маусымның 28, жұма күні таңертең елдің Мемлекеттік Ұлы хуралы — бір палаталы парламенттің жаңа құрамын анықтау үшін сайлау учаскелеріне келе бастады.
Осы мәліметке сәйкес, Моңғолия парламентіндегі 126 орынға 21 партия мен коалициядан 1336 кандидат бақталасуда.
Өткен жылы Конституцияға енгізілген өзгертудің арқасында парламенттегі орын саны 126-ға дейін ұлғайтылды. Бұл ретте 78 депутат мажоритарлық жүйемен, 48-і пропорционалдық жүйемен сайланбақ.
Биылғы жылы үміткерлердің 39 пайызын әйелдер құрайдыы. Бұл Моңғолия сайлау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Әйелдер үшін 30 пайыздық квота белгіленді. Бұл көрсеткішті 2028 жылға қарай 40 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Шетелде тұратын Моңғолия азаматтары да сайлауға қатыса алады. Биыл 13 095 Моңғолия азаматы елден тыс жерде дауыс беруге тіркелді. Бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 4279 адамға жоғары.
Синьхуа агенттігінің мәліметі бойынша Моңғолия Парламентіне сайлау сайлаушылардың 50 пайызы қатысқан жағдайда ғана өтті деп саналады. Моңғолия азаматтары 18 жастан бастап сайлауда дауыс беруге, ал 25 жастан бастап сайлауға түсуге құқылы.
Автоматты «қара жәшік» дауыс беру жүйесінің арқасында алғашқы бейресми нәтижелерді Орталық сайлау комиссиясы сайлау учаскелері жабылғаннан кейін көп ұзамай жариялайды.
Мұның алдында Моңғолияда парламенттік сайлау 2020 жылдың 24 маусымында өтті. Онда билеуші Моңғол халық партиясы билікте тағы төрт жыл қалды.












