Forties маркалы мұнайдың спот бағасы барреліне 140 доллардан асты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша мұнай нарығының аға сарапшысы Джон Кэмптің айтуынша, Forties маркалы мұнайдың спот бағасы барреліне 140 доллардан асып, Иранға қарсы соғыс басталғаннан бері ең жоғары көрсеткішке жетті.
Солтүстік теңізде сатылатын бұл мұнай Brent мұнай қоспасының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі саналады.
Мұнай нарығының тәжірибелі стратег-сарапшысы Фрэнк Манкам бір апта бұрын Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Вашингтон «VaR шогы» деп аталатын стратегия арқылы Brent мұнай фьючерстері нарығындағы трейдерлерді ауызша мәлімдемелердің көмегімен тәуекелге барудан қорқытып, алыпсатарлық капиталды нарықтан шығару арқылы мұнай бағасын бақылауға тырысып жатқанын айтқан. Яғни, Трамп пен оның министрлері АҚШ-тың шығыс уақытымен түскі уақытқа жақын, америкалық сауда сессиясында нарықтың өтімділігі әдетте төмендейтін кезде мәлімдеме жасайды. Бұл мәлімдемелер ақпарат құралдарының басты тақырыптарына айналады.
Сонымен қатар, қазан айының басынан бері жедел жеткізілімге арналған Brent (Dated Brent) бағасы да орта есеппен барреліне 123 доллардан асты. Осылайша, сәуірдегі 116 долларлық алдыңғы рекорд жаңарып, баға соңғы төрт жылдан астам уақыттағы ең жоғары деңгейге жетті.
Бұған қоса, Brent мұнайына балама саналатын Батыс Африканың негізгі мұнай сорттарының спот бағаларының барлығы барреліне 135 доллардан асып кетті.
Қазір физикалық нарықтағы мұнай бағалары Brent фьючерстік келісімшарттарының бағасынан әлдеқайда жоғары деңгейде саудалануда. Қазан айындағы Brent фьючерстерінің орташа бағасы осы уақытқа дейін, яғни айдың алты күні ішінде, бар болғаны шамамен 102 долларды құрады.
Физикалық мұнай мен фьючерстік бағалар арасындағы алшақтық Иранға жасалған шабуылға дейінгі кезеңмен салыстырғанда ғана емес, соңғы он жылдан астам уақыттағы көрсеткіштермен салыстырғанда да бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.












