Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу 23 қаңтарда Қытайдың Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Хань Чуньлиньді қабылдады.
Еуразия Тудейдің СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша сұхбат барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылап, оны одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.
Бұған қоса, ағымдағы жылы жоспарланған биік және жоғары деңгейдегі екіжақты сапарлар мен іс-шаралар кестесіне, сондай-ақ көпжақты құрылымдар шеңберіндегі екі елдің өзара ықпалдасуына ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында Министр М.Нұртілеу Қытай Елшісіне Қазақстандағы қызметіне табыс тіледі.
Айта кетейік, ҚХР-дың Қазақстандағы жаңадан тағайындалған елшісі Хань Чуньлинді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше, 22 қаңтарда қабылдап, Қазақстан тарапының Қытаймен өзара ықпалдастықтың барлық бағытына тың серпін беруге дайын екеніне тоқталған болатын.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 22 қаңтарда «Ақорда» резиденциясында тоғыз елдің төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.
.












