Нью-Йорк қаласының Бруклин ауданында Өзбекстанның Бас консулдығының қолдауымен балаларға арналған Ziyo Art өзбек тілі орталығының жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.
Dunyo ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Нью-Йоркте Ziyo Art білім беру орталығы алғаш рет 2020 жылдың қыркүйегінде Mahalla USA қоғамдық бірлестігінің жанынан құрылған.
Орталықтың басты қызметі АҚШ-тағы өзбекстандық балаларға өзбек тілі мен әдебиетін оқытуға және оларды тәрбиелеудегі ұлттық құндылықтарды арттыруға бағытталған.
Тақырыпқа орай:
Ziyo Art өзбек тілі орталығында 6 жастан 15 жасқа дейінгі балалар үшін өзбек тілі мен әдебиеті, компьютерлік сауаттылық, математика пәндері бойынша сабақ өтіледі. Сондай-ақ, шахмат, самбо, күрес секілді спорттық үйірмелер ұйымдастырылады.
Білім орталығында сабақтарды Өзбекстаннан келген білікті мұғалімдер жүргізеді. Бүгінде орталықта 120-150 бала білім алуда.
Айта кетсек, Өзбекстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшілігінің көмегімен Оксфорд университеті ішіндегі Birso`z орталығында 2024 жылдың қаңтар айынан бастап өзбек тілі сабақтары басталды.
Шет елдердегі өзбек мектептері санының артуы Өзбекстанның 2024 жылды жастар мен бизнесті қолдау жылы деп жариялау аясында жүзеге асырылуда.










