Әзірбайжанның Ауғанстандағы алғашқы елшісі Илһам Мамедов Кабулда Ауғанстан СІМ басшысының міндетін атқарушы Амир Хан Муттакимен кездесті.
Бұл туралы Afghan Islamic Press Ауғанстан СІМ өкілі Абдул Кахар Балхидың мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
Кездесу барысында Илһам Мамедов Ауғанстан министріне Әзірбайжанның Кабулдағы Елшілігінің ашылуына қатысты ресми хатты табыстады.
Кездесуде Ауғанстан мен Әзірбайжан арасындағы дипломатиялық қатынасты бастау, экономикалық ынтымақтастықты дамыту және басқа да мәселелер талқыланды.
Амир Хан Муттаки Әзірбайжанның Кабулдағы Елшілігінің ашылуын, сондай-ақ елшінің тағайындалуын екіжақты қарым-қатынастағы маңызды кезең деп атады. Муттаки сөзінде Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Сыртқы істер министрлігі Әзірбайжанның Кабулдағы Елшілігіне қажет көмекті көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Илһам Мамедов Ауғанстанның Әзірбайжанның аумақтық тұтастығын қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.
Айта кетсек, Баку 2023 жылдың желтоқсан айында Кабулда Әзірбайжанның дипломатиялық өкілдігін ашу жоспары туралы хабарлаған болатын.



















