Қазақстандық дәрігерлер Ауғанстандағы гуманитарлық миссия аясында күрделі оталар жасап, гуманитарлық көмек көрсетуде.
Еуразия Тудейдің ҚР Денсаулық сақтау миистрлігінің ресми Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қазақстанның халықаралық гуманитарлық бастамасы аясында білікті дәрігерлер тобы Ауғанстанда медициналық миссиясын жалғастырып жатыр. Олар жергілікті халыққа практикалық көмек көрсетіп, ауған әріптестерімен тәжірибе бөлісуде.
Академик Н. Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы директорының орынбасары Серік Балғазаров бастаған топ құрамында Қазақстанның ең таңдаулы мамандары бар. Қазақстандық мамандар тек кеңес беріп қана қоймай, ауған дәрігерлерімен бірлесе консилиумдар өткізіп, күрделі жағдайларды талқылап, науқастарды емдеудің ең тиімді жолдарын бірлесе анықтауда.
Миссия барысында тірек-қимыл аппаратының ауыр жарақаттары мен туа біткен деформациялары бар емделушілерге ерекше көңіл бөлінуде. Травматологтар күніне 40-қа жуық пациентті қабылдап, хирургиялық емді қажет ететіндерді іріктейді. Нәтижесінде, күн сайын 3–4 күрделі реконструктивтік-қалпына келтіру отасы жасалып, науқастардың өмір сапасы жақсаруда.
Сонымен қатар, Ауғанстандағы Қазақстан медицинасы күндері аясында жергілікті ауруханаға Илизаров аппараттарының жиынтығы табысталды. Сүйек кемістіктерін алмастыру мен аяқ-қол деформациясын түзетуге арналған бұл бірегей жүйе ауған дәрігерлерінің жоғары технологиялық көмек көрсету мүмкіндігін арттырмақ.
Айта кетейік, бұл қазақстандық дәрігерлердің Ауғанстанға алғашқы көмегі емес. Өткен жылдың қараша айында болған жойқын жер сілкінісінен кейін де қазақстандық медициналық топ Ауғанстанда 10 күн ішінде 44 ота жасап, 100-ден астам адамға жедел жәрдем көрсеткен болатын.



















