Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы қарулы текетірес жаңа кезеңге өтті.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, Пәкістан Ауғанстан аумағындағы 10 нысанға әуе және дронмен соққы жасады. Исламабад бұл нысандардың Ауғанстаннан Пәкістанға бағытталған ұшқышсыз ұшу аппараттарын сақтау және ұшыру үшін пайдаланылғанын мәлімдеді.
Пәкістан бүгін, 24 қыркүйекте Ауғанстанның Қандағар, Пактия және Хост провинцияларына шабуыл жасағанын растады.
Пәкістанның Ақпарат министрі Атаулла Тарардың айтуынша, 23 қыркүйекте Ауғанстан аумағынан Пәкістанның әуе кеңістігіне сегіз дрон кірген. Пәкістан қауіпсіздік қызметі олардың төртеуін Торхам шекара өткелінің маңында, ал қалған төртеуін Кохат аймағында атып түсіргенін хабарлады. Исламабад дрондардың барлығы көзделген нысандарына жетпей жойылғанын жеткізді. Осы оқиғадан кейін Пәкістан Ауғанстан аумағындағы 10 нысанға соққы жасағанын жариялады.
Атаулла Тарар операцияны «дәл әрі шектеулі» деп сипаттап, соққылардың тек Пәкістанға жасалған шабуылдарға тікелей қатысы бар әскери нысандарға бағытталғанын атап айтты. Исламабад бұл әрекетін елдің өзін-өзі қорғау құқығымен түсіндірді.
24 қыркүйекке қараған түні Кандагарда жарылыс болғаны хабарланды. AFP агенттігі жергілікті тұрғынға сілтеме жасап, қала үстінен ұшақ дыбысы естілгенін, артынша қатты жарылыс болып, қала орталығында өрт шыққанын жазды. Сонымен қатар Ауғанстанның жергілікті билік өкілдері Пактия мен Хост провинцияларына да соққы жасалғанын хабарлады. Пактияда Пәкістан ұшақтары Ауғанстан армиясының 203-ші Мансури корпусы орналасқан аумаққа шабуыл жасады. Ал Хост провинциясының жергілікті билігі шабуылдан адам шығыны болмағанын мәлімдеді.
Кандагарға жасалған соққының маңызы ерекше, өйткені бұл қала -Талибанның жоғарғы жетекшісі Хайбатулла Ахундзаданың резиденциясы орналасқан саяси орталық.
Пәкістан бірнеше жылдан бері Ауғанстандағы Талибан үкіметін елдегі қарулы топтарға жеткілікті деңгейде тосқауыл қоймады деп айыптап келеді. Исламабадты, әсіресе, «Техрик-и-Талибан Пәкістан» қозғалысының белсенділігі алаңдатады. Пәкістан билігінің мәлімдеуінше, «Техрик-и-Талибан Пәкістан» мүшелері мен басқа да қарулы топтар Ауғанстан аумағын паналап, Пәкістанға шабуылдар ұйымдастырады.
Ал Кабул бұл айыптауларды толығымен теріске шығаруда. Ауғанстан өзіне қойылған талаптарды қабылдамай, Исламабадты елдің егемендігін бұзды деп айыптауда.
Бұл соққылар кездейсоқ орын алған жоқ. 21 қыркүйекте Пәкістан Ауғанстанның шығысындағы үш нысанға әуе соққыларын жасап, операция барысында 28 содырдың көзін жойғанын хабарлаған еді. Ал Ауғанстан билігі бұл шабуылдан кемінде үш бейбіт тұрғын қаза тауып, төрт адамның жараланғанын мәлімдеді. БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясы азаматтық тұлғалар арасындағы құрбандар туралы ақпаратты растады. Осы оқиғалардан кейін екі ел арасындағы шиеленіс ушыға түсті.
Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы текетірестің тағы бір терең себебі -ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған шекара мәселесі. Екі елді бөліп тұрған Дюранд сызығы Ауғанстан үшін тарихи тұрғыдан даулы болып келеді. Шекараның екі жағындағы қарулы топтардың белсенділігі, қауіпсіздік мәселелері және өзара сенімсіздік жағдайды одан әрі күрделендіре түсуде.
Сондықтан бұл қақтығыс тек дрондар мен жекелеген әскери операциялар төңірегіндегі дау емес. Оның астарында қауіпсіздік, шекара және саяси сенімсіздік секiлдi кешенді мәселелер жатыр.
24 қыркүйектегі шабуылдың басты ерекшелігі -Пәкістанның Ауғанстан аумағындағы бірнеше нысанға бір мезетте соққы беруі. Бұл жағдай текетірестің шекаралық атыстармен ғана шектелмейтінін көрсетті. Әсіресе Кандагар сияқты саяси маңызы бар орталықта жарылыстардың болуы қақтығыс географиясының кеңейгенін аңғартады.
Дегенмен қазіргі кезеңде тараптардың мәлімдемелері бір-біріне қайшы. Пәкістан бұл әрекетін қорғаныс шарасы деп бағаласа, Ауғанстан оны егемендікке қол сұғу деп санайды. Сондықтан алдағы күндердегі басты сауал -жаңа соққылардың орын алу-алмауында болып отыр.
Егер тараптар өзара әскери соққыларды тоқтатпаса, Пәкістан мен Ауғанстан шекарасы тұрақты қақтығыс аймағына айналуы мүмкін. Атап айтқанда, дипломатиялық мәміле жасалмаған жағдайда, бүгінгі дрон шабуылдары мен әуе соққылары кең ауқымды соғыстың жаңа кезеңіне ұласу қаупін тудырады.



















