Ақышов Алмат Талғатұлы Өскемен қаласы әкімінің лауазымына тағайындалды.
Еуразия Тудейдің Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша ҚР Президентінің Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісе отырып, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Ақышов Алмат Талғатұлы Өскемен қаласы әкімінің лауазымына тағайындалды.
Ол Шығыс Қазақстанның тумасы. Өскеменде өсіп, еңбек жолын да осында бастаған. Әр жылдары туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасында, ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет атқарды.
Ұлан ауданы аппаратының басшысы, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды. Соңғы екі жылда Күршім ауданының әкімі лауазымында жұмыс істеді. Еңбек өтілі 14 жылды құрайды. Оның 12 жылы мемлекеттік қызметте өтті. Сондай-ақ, Алмат Талғатұлы Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, оның өңірлерді дамыту саласы бойынша магистрлік дәрежесі де бар.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жаңа тағайындалған әкімге экология мен көшелерді жарықтандыру мәселелерін назарға ала отырып, қаланы одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар экономика, құрылыс, абаттандыру және әлеуметтік саладағы маңызды жобаларды аяқтауды жүктеді.
Айта кетейік, 2018 жылдан осы уақытқа дейін бері Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар болды. Ол өзінің өкілеттік мерімінің аяқталуына байланысты биыл қараша айының соңында қызметінен кетті.












