Өзбекстан Үндістанмен сауда жасау мақсатында Иранның Чабаһар портын пайдалануға мүдделі.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Өзбекстан Үндістанмен сауда-саттықты ұйымдастыру үшін Иранның оңтүстік-шығысындағы Чабаһар портын пайдаланбақ.
Мұндай шешім өткен аптада Тегеранда өткен Өзбекстан, Иран және Үндістан Сыртқы істер министрліктері өкілдерінің алғашқы үшжақты кездесуінде қабылданды.
Кездесуде тараптар экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, үш ел арасында көлік байланысын нығайту мәселелерін талқылады. Үндістан, Иран және Өзбекстан арасындағы жүк тасымалдауды жеңілдету және жеделдету үшін стратегиялық хаб ретінде қарастырылатын Чабаһар портына ерекше назар аударылды.
Чабаһар портын пайдалану тауарларды жеткізу уақытын қысқартып, көлік шығындарын азайтады. Сонымен қатар аймақтық сауда үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сондай-ақ, кездесуде Үндістанды Ресей және Еуразияның басқа елдерімен байланыстыратын “Солтүстік-Оңтүстік” халықаралық көлік дәлізінің келешегі де талқыланды. Қатысушылар бұл дәлізді дамыту дәстүрлі бағыттарға балама болып, тасымалдауды жылдамдатып, үнемді ететінін қуаттады.
Айта кетейік, Үндістан және Өзбекстан өкілдері арасында саяси консультациялардың алғашқы үшжақты кездесуі Тегеран қаласында өтті. Иран делегациясын Сыртқы істер министрлігінің Оңтүстік Азия бойынша Бас директоры Мохаммад Реза Баһрами, Үндістан делегациясын Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ананд Пракаш, Өзбекстан делегациясын осы елдің Сыртқы істер министрлігінің Оңтүстік Азия, Таяу және Орта Шығыс, Африка елдерімен ынтымақтастық департаментінің басшысы Гуламжон Примкулов басқарды.












