Астана қаласында Өзбекстан мен Қазақстан сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өтті.
Еуразия Тудейдің ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауынша, делегацияларды Өзбекстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Бобур Усманов пен Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қонысбаев басқарды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде өткен шарада тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы екіжақты қарым-қатынасты, сондай-ақ, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар іс-шарада тараптар екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынастың үдемелі дамуын, тұрақты сенімді саяси диалогын, сондай-ақ, өнеркәсіптік кооперация саласындағы ынтымақтастықтың жандануын қанағаттанушылықпен атап өтті.
Консультациялар барысында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға мемлекеттік сапарын жоғары деңгейде өткізу мәселелеріне баса назар аударылды.
Еске сала кетейік, бүгін тамыздың 7 күні Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.



















