Қытайдан Еуропаға теміржол арқылы жүк тасымалдаудың ең қауіпсіз және ең үнемді бағыты — Иран арқылы өтетін Оңтүстік дәліз.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Иран темір жолдарының сыртқы сауда жөніндегі бас директоры Шахриар Нағизаде мәлімдеді.
Нағизаде жақында Ыстамбұлда жасалған Иран, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан және Қазақстан арасындағы алтыжақты теміржол келісіміне тоқталып, осы жылдың маусым айында Бейжіңде Иран арқылы өтетін Шығыс-Батыс көлік дәлізін дамытуға арналған аталған елдер өкілдерінің кездесуі өткенін айтты.
Ол Қытайдан Еуропалық Одаққа апаратын үш көлік дәлізіне тоқталды. Біріншісі, оның айтуынша, Моңғолия мен Ресей арқылы өтетін Солтүстік дәліз. Екіншісі — Қазақстан арқылы өтіп, екі тармаққа бөлінетін Орталық дәліз: Ресейге баратын теміржол бағыты және Каспий теңізі арқылы Әзірбайжанға, Грузияға, содан кейін Қара теңізге баратын мультимодальды бағыт.
Оңтүстік дәліз деп аталатын және бұрын белсенді болмаған үшінші дәліз Иран арқылы өтеді. Нағизаде Оңтүстік дәліздің екі мың жылдық тарихы бар екенін, оны Жібек жолының дәуірімен салыстыруға болатынын айтты.












