Иран соңғы 24 сағат ішінде Ормұз бұғазы арқылы 26 сауда кемесі өткенін мәлім етті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Әскери-теңіз күштері бұғаз арқылы мұнай танкерлері мен сауда кемелерінің өтуіне рұқсат берген.
Бұл туралы бейсенбі, 28 мамыр күні Иран Әскери-теңіз күштері Telegram-арнасында жариялады. Мәлімдемеде: «Соңғы тәулікте 26 сауда кемесі мен мұнай танкері тиісті рұқсат алғаннан кейін Ормұз бұғазындағы арнайы қауіпсіз дәліз арқылы жүзіп өтті», -деп жазылған.
Ресми хабарламада Ормұз бұғазы арқылы өту үшін Иран билігінен рұқсат алу міндетті екені айтылған.
Мәлімдемеде сонымен қатар: «Белгіленген бағыттан басқа жолмен жүру заңбұзушылық және кеме қатынасына кедергі келтіру ретінде бағаланады. Мұндай ережені сақтамаған кемелерге қарсы тиісті шара қолданылады», -деп ескертілген.
Сондай-ақ, 27 мамыр күні кешке бірнеше кеменің навигациялық жүйелерін өшіріп, Парсы шығанағына рұқсатсыз кірмек болғаны анықталған. Алайда Иранның Әскери-теңіз күштері уақытылы ескерту жасағаннан кейін, бұл кемелер бағытынан қайтып, кері бұрылуға мәжбүр болған.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесі хатшысының орынбасары Әли Бақери Кани Ормұз бұғазына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Қауіпсіздік мәселелеріне жауапты тұлғалардың 14-ші халықаралық кездесуіне қатысу үшін Мәскеуге барған Кани Иран мен Оманның Ормұз бұғазы арқылы кемелердің өту тәртібін қайта қарап жатқанын айтты.
Әли Бақери Канидің айтуынша, алдағы уақытта енгізілетін жаңа шарттар мен ережелер Иран төңірегіндегі жуырдағы қақтығыстарға дейін қолданылып келген тәртіптен түбегейлі ерекшеленетін болады.












