Масуд Пезешкианның Иранның жаңа президенті болып сайлануымен 14-ші үкіметте Иран Ислам Республикасы мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қалай болады деген сұрақ туындады.
Еуразия Тудейдің Иран Пресс агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Иран мен Қытай қарым-қатынасы екі ел үшін де, аймақтық және жаһандық державалар үшін де маңызды қарым-қатынастың бірі болып табылады. Иран Батыс Азия аймағындағы негізгі державалардың әрі әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші және экспорттаушы елдің бірі болса, Қытай – әлемдегі ұлы державалардың бірі болуымен қатар вето құқығы бар Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі, сонымен бірге қазіргі таңда әлемдегі ең ірі мұнай импорттаушылардың бірі.
Екі ел арасындағы қарым-қатынас олардың әртүрлі саладағы мүдделерін қамтамасыз етуімен қоса, бүгінгде аймақ пен әлемдегі бәсекелестерінің де назарын аударып отыр. Америка Құрама Штаттары – Иран мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың дамуына қарсылық білдіретін әлемдік державалардың бірі. Өйткені ол бір жағынан Иран Қытаймен қарым-қатынасты дамыта отырып, санкцияларды айналып өтуге тырысады деп есептесе, екінші жағынан Қытайдың өзі де Батыс Азия аймағы елдерімен, соның ішінде Иранмен байланысты дамытумен қатар өзінің экономикалық мүдделерін қамтамасыз ете отырып, аймақ пен жаһандық деңгейде өзінің ықпалы мен мәртебесін көтеруге тырысуда.
Барлық қарсылықтарға қарамастан, Иранның Қытаймен қарым-қатынасы марқұм Раиси үкіметінде ілгерілеу үдерісінен өтіп, екі ел 25 жылдық стратегиялық келісімге қол қойды. Қазіргі таңда Иранда Масуд Пезешкианның Үкімет басына келуімен сыртқы саясатта барлық назар жаңа президенттің Қытай сияқты елдермен қарым-қатынасқа деген көзқарасына бағытталған.
Иранның жаңадан сайланған президенті Масуд Пезешкиан бірнеше күн бұрын Tehran Times газетінде жарияланған сыртқы саясат туралы мақаласында былай деп жазды: «Иран Қытаймен ежелден келе жатқан достығын қатты бағалайды. Әлемдік жаңа жүйеге қол жеткізу жолында Қытаймен кеңірек ынтымақтасуды қалайды».
Пезешкианның бұл кесімді мәлімдемесі Қытаймен қарым-қатынасты дамыту Иран Ислам Республикасының сыртқы саясатындағы стратегиясы екенін және үкіметтердің ауысуымен оның көп өзгеріске ұшырамайтынын көрсетеді.
Қытайдың Пезешкианның мәлімдемесіне берген жауабы да Бейжіңнің 14-ші үкіметте Иранмен қарым-қатынасының өсу үдерісін жалғастыруды қалайтынын көрсетті.
Осыған байланысты Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Лин Цзянь былай деді: «Қытай жаңадан сайланған президент Масуд Пезешкианның Иран мен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа қатысты жолдауын жоғары бағалайды. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас ғасырлар бойы жалғасып келеді. Өткен 50 жылда, әсіресе, екі ел дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан бері екіжақты қарым-қатынас тұрақты дамып келеді.
Қытай мен Иран аймақтық және халықаралық күрделі жағдаймен бетпе-бет келгенде, бір-бірін қолдап, бір-бірінің қасынан табылып, стратегиялық өзара сенімді арттырды, әртүрлі саладағы қарым-қатынас пен ынтымақтастықты дамытты. Аймақтық және халықаралық істерде салауатты байланыс пен үйлестіруді қолдауы екі елдің де мүддесіне сай келді. Екі ел аймақтық және жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлес қосты», — деді.
Айта кетейік, Иран Сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Әли Бақери Кани де Нью-Йоркте 16-17 шілде күндері өтіп жатқан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Палестина мәселесіне арналған отырысы мен көпжақтылық саммиті аясында Newsweek газетіне берген сұхбатында елінің сыртқы саясатына тоқталып: «Иран ядролық келісімге өзара қатысуды қалпына келтіру үшін АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастауды құптайды. Бірақ, біз Қытай, Ресей және көршілес елдермен қарым-қатынасымызды көбірек нығайтуға ниеттіміз», – деген болатын.














