Иран Президенті Масуд Пезешкиан ядролық бағдарлама бойынша Америкамен келіссөздерді бастауды тапсырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран мен Америка Құрама Штаттары жұма күні Түркияда келіссөздерді қайта бастайды.
Екі тарап та Таяу Шығыста жаңа соғыс қаупінің алдын алу үшін ядролық мәселені талқылауға дайын екендіктерін мәлімдеді. Бұл туралы дүйсенбі күні кешке америкалық және ирандық ресми тұлғалар Reuters агенттігіне хабарлады.
Reuters пен Axios агенттіктерінің мәліметінше, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи 6 ақпан күні Түркияда кездесіп, келіссөз жүргізеді.
Келіссөзге сондай-ақ Сауд Арабиясы, Мысыр, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдердің өкілдері қатысады.
Fars ақпарат агенттігінің мәліметінше, Президент Масуд Пезешкиан дүйсенбі күні Америка Құрама Штаттарымен келіссөздерді бастауға бұйрық берді. Ал, АҚШ президенті жексенбі күні Иранмен келісімге қол жеткізуге үміттенетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи баспасөз мәслихатында: “Аймақ елдері хабар алмасу үшін делдалдық жасап отыр. Біз дипломатиялық үдерістің әрбір кезеңін жан-жақты қарап, түпкілікті келісіп жатырмыз және оны жақын күндері аяқтауға үміттенеміз”, -деді.
Сонымен қатар Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи Америка Құрама Штаттары Иранға шабуыл жасайтын болса, әскери қақтығыс бүкіл аймаққа таралатынын ескертті.















