Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин сұхбатта Ресей басшысының Астанаға жоспарланған мемлекеттік сапарына дайындықтың сапалы болуын қамтамасыз етуге келісті.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин бүгін, тамыздың 26 күні телефон арқылы сұхбатта сөйлесті.
Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Президенттер сауда-экономика және энергетика салаларында бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды толықтай жүзеге асыру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, Владимир Путиннің Астанаға жоспарланған мемлекеттік сапарына дайындықтың сапалы болуын қамтамасыз етуге келісті.
Мемлекеттер басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында өтетін БРИКС саммитіне қатысуға шақырғаны үшін Ресей Президентіне ризашылығын білдірді.















