ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары қызметін атқарған қазақстандық көрнекті дипломат Қайрат Әбдірахманов жаңа қызметке тағайындалды.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарған Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев Мемлекет басшысының Жарлығымен лауазымдарынан босатылды.
Айта кетейік, Қазақстанның мемлекет қайраткері, дипломат Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов 1964 жылы Талды-Қорған облысында дүниеге келген. Ол осы уақытқа дейін бірнеше елдегі Қазақстанның елшісі, 2013-2016 ж.ж. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі, 2016-2018 ж.ж. Қазақстанның Сыртқы істер министрі, 2020 жылдан осы уақытқа дейін ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары қызметтерін атқарды.












