Иранның келісімгер делегациясының басшысы Мұхаммед Бақыр Қалибаф Иран Ормұз бұғазын халықаралық құқық нормалары негізінде өз заңымен басқаратынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Иранның АҚШ-мен келісімгер делегациясының басшысы Мұхаммед Бақыр Қалибаф Швейцариядағы төртжақты келіссөздерден қайтып келе жатқан ұшақ бортында жасаған мәлімдемесінде: «Иран Ормұз бұғазын халықаралық құқық нормалары негізінде және сол заңдардың аясында өз ережелерімен басқарады», -деп баса айтты.
Ормұз бұғазын Иран өз задарымен басқарады
Иран делегациясының басшысы былай деп мәлімдеді: «Соғыс басталған кезде ең бірінші болып: «Бәрі біліп қойсын! Ормұз бұғазын басқару ешқашан соғысқа дейінгі жағдайға қайтып оралмайды» деп ашық айтқандардың бірі мен едім. Әрине, халықаралық заңдар сақталады. Ормұз бұғазы осы заңдар шеңберінде әрі Иранның ережелерімен Иран тарапынан басқарылатын болады».
Трампты Ормұз бұғазын ашуға қатысты әлеуметтік желідегі жазбасын түзетуге мәжбүрлеу — Ислам Республикасының жұмсақ күші мен қатты күшінің бірлескен нәтижесі
Қалибаф сөзінің жалғасында: «Біз америкалықтарға сенбегенбіз, сенбейміз де. Болашақта да сенім артпау — ақылдың ісі. Америкалық тараппен келіссөздерде біз нақты жол картасы мен белгілі бір үлгі бойынша әрекет еттік. Келісімге 13-бап енгізілді. Соған сәйкес, америкалық тарапқа деген сенімсіздіктен келісімнің 1, 4, 5, 10 және 11-баптарындағы АҚШ-тың міндеттемелері құжатқа қол қойылған бойда дереу орындалуы тиіс еді немесе жұмыстың басталғанына көз жеткізу үшін кемінде оларды іске асыру үдерісі басталып, содан кейін ғана басқа мәселелерге көшу көзделді.
Келіссөздер тобындағы әріптестеріміздің атқарған игі істерінің қатарында үлкен екі оқиғаның бір мезгілде орын алуы болды: яғни, келісімшартқа қол қойылуымен қатар қоршау да жойылды. Егер біз бұған әскери жолмен қол жеткізгіміз келгенде, әлбетте, соғыс болып, шығын келтіретін еді. Алайда, қоршаудың бір түнде қалай шешілгенін өздеріңіз көрдіңіздер.
Трамп келісімге қол қойылғаннан кейін «Ормұз бұғазы бүгін түннен бастап ашық” деп мәлімдеді, ал іс жүзінде келісімнің 4-бабы бойынша бұғаз 30 күн ішінде Иранның ережелері бойынша ашылуы тиіс болған. Трампты жариялаған жазбасын түзетуге мәжбүрлей алғанымыз — бұл Ислам Республикасының әлеуеті және біздің жұмсақ әрі қатты күшімізді ұштастырудың нәтижесі», — деді.
Швейцария сапарында бұғатталған қаржыны босату және мұнай санкцияларын жою мәселелері түпкілікті шешілді
Қалибаф: «Бұғатталған активтерді босату үшін 11-бап бойынша 6 миллиард доллар көлеміндегі қаражат екі рет босатылуы керек еді. Бұған дейінгі шаралар Қатарға сапар барысында жүзеге асырылғанымен, оған Швейцария сапарында түпкілікті қол қойылу жоспарланды. Жоспар орындалды.
10-бапқа қатысты айтар болсақ, мұнда шикі мұнай, мұнай-химия өнімдерін сату, сондай-ақ банктік, сақтандыру және көлік мәселелері қарастырылған. Соңғы келісім әлі толық бекітілмегендіктен, санкциялар күшінде қалады. Сондықтан қол қойылған келісімге сәйкес, түпкілікті келісімге қол жеткізгенге дейін мұнай санкциялары жойылды.
Тағы бір маңызды тақырып 60 күннің соңына дейін келісім баптарының орындалуын қадағалаудың негіздемесіне қатысты еді. Бұл да нәтижеге жетті. Иран мен Америка делегацияларының кездесуін ұйымдастыру және осы мәселелер мен олардың орындалуын қадағалау бойынша үйлестіру жұмыстары жүргізілді», — деді.
Швейцария келіссөздеріне сәйкес, Иран мен АҚШ Ливанның аумақтық тұтастығына кепілдік беруі тиіс
Қалибаф бұл мәселеге қатысты: «Келісім құжатында Иран мен оның одақтастары да, яғни Қарсыласу майданындағы соғысты тоқтату баса айтылды. Біздің егеменді аумағымызда соғыс тоқтатылды, дегенмен Ормұз бұғазында біраз мәселе туындады. Дегенмен, теңіз қоршауы да атысты тоқтату кезеңінде орын алды, бұл да соғыстың бір түрі.
Осы оқиғалар Ливанда басқаша сипат алды: әскери шабуылдар жалғасып, Дахияда қайғылы оқиғалар болды. Біз Израильге зымыранмен соққы жасау арқылы жауап қайтардық. Өйткені, Бейрутке ешқандай шабуыл жасалмауы және Ливанның оңтүстігінде атысты тоқтату режимі орнауы біздің шартымыз болатын.
Сионистік режим келіссөздер үдерісіне түбегейлі қарсы, өйткені Тель-Авив бұл жолдан өзінің жойылатынын білетіндіктен, іске кедергі келтіргісі келеді.
Біздің Швейцария келіссөздеріне араласуымыз бен жүргізілген талпыныстардың нәтижесінде шабуылдардың қарқыны азайып, екі күн ішінде толық тоқтады. Келіссөздер барысында Иран мен Америка Ливанның аумақтық тұтастығына кепілдік беруі керек деген қорытындыға келдік.
Аумақтық тұтастыққа кепілдік беру мәселесі келісімі құжатында да жазылған. Оның жүзеге асырылуы үшін бақылау жүргізілуі тиіс еді. Дәл осы жұмыс үшін мәселелерді шешу, Ливан халқының өз үйлеріне оралуы және сионистік режим күштерінің Ливан жерінен шегінуі мақсатында үйлестіру орталығын құру туралы шешім қабылданды», — деді.
Иран тобының америкалық делегациямен бір кадрға түсуден бас тартуы және Трамптың қоқан-лоқыларынан кейін келіссөздер залынан шығып кетуі туралы рауаят
Қалибаф былай деді: «Біздің өз ұстанымдарымыз бар. Осы уақытқа дейін америкалықтармен бір кадрда көрінуді ешқашан қаламадық. Бұл мәселеде араға түскен делдал достарымыз бұл келіссөздердің басы екенін айтып, өтінді, бірақ біз бір кадрда тұрмайтынымызды, тек келіссөз жүргізу үшін ғана келетінімізді нақты мәлімдедік.
Келіссөздердің орта тұсында Трамптың Президентке, келіссөздер тобына және біздің елімізге шабуыл жасау туралы қоқан-лоққы жасағанын білдім. Мен АҚШ вице-президенті Вэнске былай дедім: «Біз бұл жерде келіссөз жүргізіп отырмыз. Қол қойылған келісімніңң бірінші бабында қорқыту мен күш көрсету болмауы тиіс деп жазылған, алайда бүгін сіздердің президенттеріңіз қоқан-лоққы жасап отыр. Біздің ешқашан қысым мен қоқан-лоққы уақытында келіссөз жүргізбейтінімізді біліп қойыңыздар!” Осылай дедім де, келіссөзді бірден тоқтатып, залдан шығып кеттік және қайтып оралмадық.
Америкалық тарап делдалдардың қатысуымен басқа кездесу өткізуді сұрады, бірақ біз бас тарттық. Қатар мен Пәкістаннан келген делдалдар алдымызға келгенде біз оларға: «Сіздермен сөйлесеміз, бірақ америкалық тараппен сөйлеспейміз» дедік. Осы әңгімелер мен 80 минуттық келіссөздердің қорытындысы ретінде Пәкістан мен Қатар бірлескен мәлімдеме жариялады».
Иранның Швейцария келіссөздерінен алған үш маңызды жетістігі
Иран делегациясының басшысы Швейцариядағы төртжақты келіссөздерден қайтып келе жатқанда ұшақ бортында жасаған мәлімдемесінде Иранның Швейцария келіссөздерінен алған үш маңызды жетістігін атап: «Ливандағы соғыстың тоқтатылуы, Ормұз бұғазын басқару, бұғатталған қаржыны босату және мұнай санкцияларының жойылуы — бұлар Швейцария сапарының басты жетістіктері” — деп сөзін түйіндеді.












