Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28-29 қазан күндері Моңғолияға мемлекеттік сапармен барады.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен келіссөз жүргізеді.
Сондай-ақ, Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен және Премьер-министр Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэмен кездеседі.
Сапар аясында бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен 2024 жылғы 4 шілдеде кездескен болатын.
Мемлекет басшысының айтуынша, Моңғолия – еліміздің Азиядағы ең маңызды серіктестерінің бірі. Бізді ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын ортақ мәдени-тарихи құндылықтар мен дәстүрлер байланыстырады.
Президент Тоқаев кездесуде Қазақстанның Моңғолияға шикізаттық емес тауарлар бойынша экспорттық әлеуеті шамамен 100 миллион долларды құрайтынын айтып, тауар айналымын 500 миллион долларға дейін ұлғайту жөнінде нақты мақсат қоюды ұсынды.
Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевты Моңғолияға мемлекеттік сапармен келуге шақырып, Қазақстан Президенті бұл шақыруды зор ықыласпен қабыл алатынын айтты. Оның пікірінше, алдағы сапар екіжақты қатынастың жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады.















