Жиырма адамнан тұратын қазақстандық хирург дәрігерлер тобы жақын арада Ауғанстанға келіп, науқастарды емдейді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Кабулдағы Қазақстанның Сенімді өкілі Ғазиз Ақбасов Талибан тобының Денсаулық министірімен кездесуде зілзаладан зардап шеккендерді тегін емдеу үшін жиырма адамнан тұратын хирург дәрігерлер тобының жақын арада Ауғанстанның шығыс провинцияларына келетінін хабарлады.
Талибан тобының денсаулық сақтау министрлігі бүгін сейсенбі күні мәлімдеме жариялап, осы ведомствоның министрі Моулави Нур Джалал Джалали Кабулдағы Қазақстанның Сенімді өкілі Ғазиз Ақбасовпен кездескенін хабарлады.
Тараптар әртүрлі тақырыпта, соның ішінде зілзаладан зардап шеккендерге емдеу қызметтерін, денсаулық саласы қызметкерлерінің әлеуеттерін арттыру, обыр дерті мен жүрек ауруы салаларында ынтымақтастық жасау, емдеу орталықтарын медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, денсаулық саласында екіжақты серіктестікті арттыру туралы сұхбаттасты.
Моулави Нур Джалал Джалали елдің шығысындағы жерсілкінісі халыққа үлкен шығын келтіргендіктен табиғи апат салдарынан жараланғандарға жақсырақ және тиімді медициналық қызмет көрсету қажеттігін айтты.
Ауғанстанның Денсаулық сақтау министрі Қазақстанмен жүрек және онкологилялық аурулар, радиология қызметтері мен жүйке хирургиясы салаларында тәжірибе алмасуға мүдделілік танытты. Ол Қазақстанмен бұрын да денсаулық саласында ынтымақтастық жасалғанын айтып, осы үдерістің аталған бөлімдерде жалғасуына үміт білдірді.
Қазақстанның Сенімді өкілі Ауғанстанды дос ел деп атап, ауғандық медицина қызметкерлерін әртүрлі салада оқытуға, денсаулық саласында тұрақты ынтымақтастық жасауға күш салынатынын айтты.
Ол сонымен қатар зілзалада жарақат алғандарға тегін ота жасау үшін өз елінен жиырма адамдық хирургиялық топтың Ауғанстанға келетінін мәлім етті.















