Қазақстан зілзаладан зардап шеккен Ауғанстанға медициналық мамандармен қатар дәрі-дәрмек пен алғашқы қажеттілік заттары тиелген гуманитарлық көмек жібереді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Ауғанстан Сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттакимен телефон арқылы сұхбатта мәлімдеді.
Ауған тарапының бастамасымен болған сұхбат барысында Е.Көшербаев таяуда орын алған жойқын жер сілкіністеріне байланысты ауған халқына көңіл айтып, алдағы уақытта Қазақстан тарапынан Қабылға гуманитарлық миссия жіберілетінін хабарлады.
Ә.Муттаки ауған халқының мұқтаждықтарына әрдайым көңіл бөліп, тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан қазақ тарапына ризашылығын білдіріп, биыл жалпы көлемі 3,7 мың тоннаны құраған екі партия гуманитарлық көмектің жіберілгенін атап айтты.
Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, достық және өзара тиімді қатынасты одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады. Сұхбат барысында сауда, банк, тау-кен металлургиясы мен цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша министрлер қазақ-ауған ынтымақтастығын дәйекті дамыту ниетін растап, белсенді саяси диалогты жалғастыру жөнінде уағдаласты.














