Кабул Пәкістан тарапынан қойылған негізсіз талаптар келіссөздердің сәтсіз аяқталуының негізгі себебі болғанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ауғанстан Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Амирхан Муттақи айтты.
Tolo News агенттігінің мәліметінше, Муттақи Пәкістанмен жүргізілген келіссөздер барысына тоқталып: “Келіссөздер кезінде пәкістандық делегация орындалуы мүмкін емес талаптар қойды. Солардың бірі Пәкістанда қауіпсіздікке қатысты оқиғалар енді қайталанбайтынына кепілдік беру болды”, — деді.
Муттақидің айтуынша, Ауғанстан Пәкістанмен өзара құрметке негізделген достық қарым-қатынас орнатуға ұмтылып, өз аумағының тұтастығын қорғауды жалғастырады.
Сондай-ақ Ауғанстан Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Амирхан Муттақи Пәкістанды Ауғанстанға қысым жасау мақсатында сауда жолдарын жабудағы әрекеттерін айыптады.
Айта кетейік, екі ел шекарасында болған қақтығыстардан кейін 48 сағаттық атысты тоқтату туралы келісімі 15 қазан күні жасалды. Бұл келісім Түркия мен Катардың арағайындығымен Дохадағы келіссөздер аяқталғанға дейін ұзартылды.
Келіссөздерге Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның тапсырмасы бойынша Түркия Ұлттық барлау ұйымының басшысы Ибрагим Калын да қатысты.
Пәкістан мен Ауғанстан делегациялары 25 қазанда Ыстамбұлда кездесті. 27 қазан күні кешке Ыстамбұлда Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы келіссөз аяқталды. Алайда, тараптар ешқандай келісімге қол жеткізбеді.
7 қараша күні Пәкістанның Қорғаныс министрі Хаваджа Мохаммад Асиф Исламабад пен Кабул арасындағы келіссөздер тығырыққа тіреліп, уақытша тоқтатылғанын хабарлады.



















