Қазақстанның Алматы қаласы мен Түркияның Измир қаласы арасында тікелей әуе рейсі ашылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, 2026 жылғы 31 шілдеден бастап Измир – Алматы – Измир бағыты бойынша тікелей әуе қатынасы ашылады.
Тиісті келісімге Қазақстан Республикасының Измирдегі Бас консулдығының SunExpress авиакомпаниясымен жүргізген келіссөздері нәтижесінде қол жеткізілді.
Тұрақты рейстер аптасына екі рет орындалып, қазан айының соңына дейін жалғасады. Жаңа бағыт Қазақстан азаматтарының, студенттер мен бизнес өкілдерінің сапарларын едәуір жеңілдетпек.
SunExpress авиакомпаниясының мәліметінше, ұшу ұзақтығы Алматыдан Измирге дейін 5 сағат 25 минутты, ал кері бағытта 6 сағат 25 минутты құрайды.
Измир – Түркияның Стамбұл мен Анкара қалаларынан кейінгі үшінші ірі мегаполисі. Эгей теңізінің жағалауында орналасқан қала – стратегиялық маңызды ірі сауда порты.



















