Қырғызстан да Илон Масктің Starlink спутниктік интернет желісіне ресми түрде қосылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Қырғызстанда қызмет 25 мамыр күні ашылып, Starlink компаниясының ғаламдық картасында желіге қосылған ел ретінде пайда болды.
Жобаның Қырғызстандағы серіктесі — Элкат интернет-провайдері.
Компанияның хабарлауынша, сервис жұмысының белсенді кезеңі басталды. Енді қолданушылар интернетке толық қосыла алады.
Starlink-тің іске қосылуы Қырғызстанның интернет жетпейтін немесе байланысы нашар таулы және шалғай елді мекендері үшін өте маңызды. Қырғызстан билігі Starlink спутниктік интернетіне шалғайдағы ауылдарды, мектептер мен ауруханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды қосуды жоспарлап отыр.
Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан Starlink спутниктік интернетке алғашқылардың бірі болып қосылды. Бұл қызмет Қазақстанда 2025 жылғы 13 тамызда іске қосылды. Бастапқыда Қазақстанда сервис пилоттық режимде жұмыс істеп, негізінен шалғай аудандардағы ауыл мектептерін интернетпен қамтамасыз етті. Кейіннен бұл қызметті барлық пайдаланушылар қолдану мүмкіндігіне ие болды.
Ал Тәжікстан 2026 жылғы ақпан айының басында ресми түрде Starlink спутник интернетіне қосылды.
Starlink — 2015 жылы жасап шығарылған жаһандық спутниктік интернет жүйесі. Жобаның басты мақсаты — әлемнің кез келген нүктесін, соның ішінде ең шалғай және инфрақұрылымы жоқ аймақтарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта желі әлемнің 100-ден астам елінде жұмыс істейді.
















