Қазақстан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев алғашқы ресми сапарын Ресейге жасады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтуы бойынша бұл екі ел арасындағы ерекше байланысты білдіріп, әріптестіктің басымдылығын қуаттайды.
Сергей Лавров Мәскеуде Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен кездесуінде: «Сіздің алғашқы ресми сапарыңызда Ресейге келуіңіз ресейлік-қазақстандық әріптестік, одақтастық және интеграциялық ынтымақтастықтың басымдылығын айғақтайтынына сенімдіміз», — деді.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың шақыруымен Ресейге ресми сапармен барды.
Кездесу барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары көпжылдық достық, өзара құрмет пен түсіністік дәстүрлеріне негізделген қазақ-ресей стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының кең ауқымды мәселелерін талқылады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
12 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.















