Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанда алдағы төрт жылда бес мың шақырым жаңа теміржол салынатынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Олжас Бектенов Теміржол ынтымақтастығы ұйымының конференциясы отырысында айтты.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Теміржол ынтымақтастығы ұйымының 70 жылдығына арналған Бас директорлар конференциясының 40-шы отырысына қатысты. Халықаралық форум аясында әлемнің 30-дан астам елінен келген теміржол және логистика саласының жетекші мамандары саланың перспективалық даму бағыттарын талқылады.
Үкімет басшысы сөзінде Қазақстанның Еуразия құрлығындағы транзиттік-көліктік хаб ретіндегі стратегиялық маңызын қуаттап, бүгінде құрлықтағы транзиттік тасымалдардың 85 пайызы Қазақстан арқылы өтетіндігіне тоқталып: “Алдағы төрт жыл ішінде бес мың шақырым жаңа теміржол магистральдарын салу, 2035 жылға қарай жылдық транзит көлемін 100 млн тоннаға дейін ұлғайту, транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Ақтау және Құрық порттарында контейнерлік хабтарды кеңейту жоспарланып отыр”-, деді.




















