Қазақстанда бидайдан жасалған алғашқы экологиялық отын БИ-95 сатылымға шықты.
Еуразия Тудейдің Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қазақстанның отын нарығында ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге негізделген жаңа кезең басталды.
KazFoodProducts холдингі құрамында биоэтанолы бар БИ-95 маркалы автокөлік отынын өнеркәсіптік деңгейде шығарып, нарыққа ұсынды.
Бұл жоба — отандық аграрлық өнімнің мотор отынына айналуының алғашқы толық циклі. Өндіріс тізбегі Солтүстік Қазақстан облысындағы BioOperations кәсіпорнынан бастау алады. Мұнда бидай тек ұн емес, жоғары технологиялық биоэтанол ретінде өңделеді. Соңғы өнім БИ-95 отыны BioPetrolCompany базасында дайындалады.
БИ-95 — құрамында 5–10 пайыз биоэтанол бар бензин. Оның басты артықшылықтарына көміртекті бейтарап компонент есебінен зиянды қалдықтары азаюы және отынның октан саны мен қуаты дәстүрлі бензиннен кем түспеуі жатады. Сонымен қатар, автокөлік қозғалтқышын ешқандай жаңғыртуды қажет етпейді.
Биоэтанол қосылған отын АҚШ, Еуропа және Жапонияда 20 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. 2022 жылдан бері BioOperations өнімдері Еуропалық Одақ пен Ұлыбритания нарықтарына экспортталып, халықаралық сапа талаптарына сәйкестігін дәлелдеген.
Қазіргі уақытта БИ-95 отыны бөлшек сауда желілерінде қолжетімді.




















