Қазақстанда жаңа Конституцияға сәйкес бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, кеше, жексенбі, 23 тамызда «Жаңару үшін дауыс бер!» ұранымен өткен науқан қорытындысы бойынша бес жылдық мерзімге 145 депутат сайланады.
Сайлау еліміздің барлық өңірінде сағат 07:00-де басталып, 10 423 сайлау учаскесінде өтті. Құрылтайдағы 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат үміткер болды. Орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысатын «Әділет», ЖСДП, «Байтақ», ҚХП, «Ауыл», «Ақ жол» және Respublica партияларының тізімдерін тіркеді.
Сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың 9 352 151-і дауыс беруге қатысқан. Бұл – сайлаушылардың 74,19 пайызы.
Сағат 20:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың ең жоғары белсенділігі Түркістан облысында 92,16 пайыз тіркелген.
Тәуелсіз байқаушылар сайлау үдерісіне оң баға беріп отыр. Байқаушылар Алматыда өткен баспасөз жиынында сайлау учаскелерінде заң бұзушылықтар тіркелмегенін мәлімдеді.
Тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық штабы таңғы сағат 07:00-ден бастап Қазақстанның 20 өңіріндегі бақылаушылармен тікелей байланыста жұмыс істеді. Штаб жетекшісі Рафаэль Гасановтың айтуынша, өңірлік сайлау комиссияларының жұмысы ұйымдасқан түрде өтіп, учаскелер дауыс берушілерді қабылдауға дайын болған. Оның сөзінше, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де қажетті жағдайлар жасалған.
«Dauys» қоғамдық бақылаушылар коалициясының Алматы қалалық филиалы сайлау учаскелерін тәуелсіз бақылаушылармен толық қамтыған. Филиал басшысы Диана Малаеваның айтуынша, бақылаушылар сайлауға дейін бір ай бойы саясаттанушылар, саяси технологтар мен заңгерлердің қатысуымен арнайы оқыту курсынан өткен.
Барлық сайлау учаскесі сағат 20:00-де жабылып, учаскелік комиссиялар дауыстарды санауға кірісті. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау күнінің нәтижелерін саралап, орын алған жағдайлар мен ықтимал тәуекелдерге талдау жүргізуді бастады.
Құрылтай сайлауының түпкілікті қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы жариялайды.



















