Қырғызстан мен Тәжікстан кеше, ақпанның 21 күні шекараның 970 шақырымнан астамын анықтаған келісімге қол қойды.
Еуразия Тудейдің Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша екі ел қақтығыстар мен ондаған адамның қаза табуына себеп болған шекарадағы келіспеушілікті доғару туралы келісімге келді.
Қырғызстан мен Тәжікстанның қауіпсіздік саласындағы жоғары лауазымды басшылары соның негізінде шекарадағы бір бөліктердегі алауыздықты шешкен және екі ел арасындағы 970 шақырымнан астам шекараны анықтаған келісімге қол қойды.
Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев: «Бүгін Қырғызстан мен Тәжікстан үшін тарихи күн. Біз шекарамызды делимитациялау туралы қорытынды хаттамаға қол қойдық», — деді.
Осы құжат енді екі елдің президенттеріне қол қою үшін тапсырылады.
2022 жылдың желтоқсан айында Тәжікстан мен Қырғызстан арасында екі күнге созылған шекара қақтығысы салдарынан жүзден астам адам қаза тауып, сол аймақтың шамамен жүз қырық мыңнан астам тұрғыны тұрғылықты орындарынан көшуге мәжбүр болды.
Сонымен қатар 2021 жылдың сәуір айында да осындай қақтығыста жиырмаға жуық адам көз жұмып, екі жүзден астам адам жараланды.
«Берлиндік Карнеги» орталығындағы Орталық Азия мәселелері бойынша сарапшы Тимур Умаров Рейтер агенттігіне Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара демаркациясының мұның алдында қанды қақтығыс болғаннан кейін жасалғанын, бұл мәселені қиындатып жібергені туралы уәж айтып: «Бұл — саяси шиеленісті мәселе. Егер тиісті құжаттар жарияланса, қоғамның назарына ілініп, екі елдегі кейбір топтар оған қарсылық білдіруі мүмкін» деді.
ИРНА агенттігіндегі мәлімет бойынша, Орталық Азияның кейбір жерлеріндегі шекараға қатысты келіспеушіліктер Кеңес Одағы заманынан келе жатқан мәселе. Бұл әлі де алаңдаушылыққа себеп болып отыр.
Тәжікстан мен Қырғызстанның екеуінде де Ресейдің әскери базалары орналасқан. Бұл елдер Мәскеумен жақын қарым-қатынаста.
Тәжікстан он миллион, Қырғызстан жеті миллионнан астам азаматымен Орталық Азиядағы ең кедей елдердің қатарында саналады.












